Факультет тарихы

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-да шет тілдер бойынша мамандарды даярлау 1991 жылы филология факультетінің шет тілдері кафедрасында басталды. Алғашқы қабылдау «Неміс тілі» мамандығы бойынша өткізілді. 90-ші жылдарының басында елдің қоғамдық-саяси өмірінде басталған күрт өзгерістерге байланысты шет тілдерін білетін мамандарға деген қажеттілік күрт өсті, бұл 1994 жылы жұмыс істеп тұрған шет тілдері кафедрасының тәуелсіз шет тілдер факультетіне айналуын қажет етті. Шет тілдер факультетінің алғашқы деканы филология ғылымдарының докторы, профессор Н.И. Букетова.

Факультеттің қалыптасуы мен қарқынды дамуы 1998 - 2019 жылдар аралығында факультетті басқарған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.А. Жетпісбаевамен байланысты.

Факультеттің тарихы туралы айтқанда, оның негізін қалаған адамдар туралы атап шықпауға болмайды: ф.ғ.д., профессор Н. И. Букетова п.ғ.д, профессор Б.А. Жетпісбаева, п.ғ.к., доцент Г.К. Тлеужанова, ф.ғ.к., доцент В.О. Тен, ф.ғ.к., доцент Ф.А. Какжанова, доценттер Б.Ж. Жанкина, Ж.А. Кагазбаев, аға оқытушылар Л.А. Турумбетова, Р.Ж. Джангунакова, И.В. Росоха. Сол уақыттағы оқытушылардың шағын ұжымы ұйымдастырушылық кезеңнің барлық қиыншылықтарын өтіп, болашағы зор факультеттің негізін қалады.

Факультетте қазіргі уақытқа дейін құрылымында бірнеше рет өзгерістер болды: әр уақытта кафедра меңгерушісі ретінде ф.ғ.к., доцент Ф.А.Какжанова, ф.ғ.д., профессор Ш.М.Мажитаева, ф.ғ.д., профессор Г.И.Исина, ф.ғ.к. С.Х. Жакупова, ф.ғ.к. З.М. Мажит, п.ғ.к. У.И. Копжасарова, п.ғ.к. Э.А. Утеубаева, доценттер Ж.А. Кагазбаев, М.У. Нуржанова, Б.К. Аязбекова жұмыс істеді.

Факультеттің құрылуы уақыт талабы болғандығының айқын дәлелі бұл білімалушылар мен оқытушылар контингентінің тұрақты өсуі болып табылады. Егер алғашқы жылдары бір ғана кафедра романо-герман филологиясы кафедрасы болса (кафедра меңгерушісі, аға оқытушы Кагазбаев Ж.А.), қазіргі таңда факультетте 100-ден астам ағылшын, неміс, француз, қытай, араб, корей, итальян оқытушылары бар 4 кафедра жұмыс істейді. Факультеттегі алғашқы бітіруі 1996 жылы жүзеге асырылды: сәуірде «Неміс тілі» мамандығы бойынша бес жылдық оқудың бірінші ағымы, шілдеде «Неміс тілі», «Ағылшын тілі» мамандықтары бойынша төрт жылдық оқу мерзімімен екінші ағым жүзеге асырылды. Түлектер саны 63 адамды құрады.

Факультет дамыған сайын жаңа мамандықтар ашылып, көп деңгейлі білім беру моделі енгізілді:
• 1991 ж. - Неміс тілі
• 1992ж. - Ағылшын тілі
• 1996 ж. – Француз тілі
•1999 ж. - Шетел филологиясы (Ағылшын филологиясы, Неміс филологиясы)
• 2001 ж. - Француз филологиясы
• 2001 ж. – Аударма ісі
• 2012 ж. - Қытай филологиясы.

Факультет келесі мамандықтар бойынша магистрлер дайындай бастады:
• Шет тілі: екі шет тілі (2006 ж.)
• Шетел филологиясы (2009 ж.)

2013 жылы Шихэцзы университетімен (ҚХР) ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

2014 жылы 6D011900 - Шет тілі: екі шет тілі мамандығы бойынша докторантура ашылды.

Жыл сайын факультет мамандықтарына сұраныс артып келеді, ол қысқа мерзімде университеттің беделді факультеттерінің біріне айналды. Қысқаша тарихында факультет 5000-нан астам мектеп мұғалімдерін, университет оқытушыларын, филологтарды, аудармашыларды, шет тілдерін білетін жоғары білікті мамандарды дайындады. Әр жылдары факультет түлектерінің қатарында Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Италия азаматтары бар. Факультет түлектері Қазақстанның барлық аймақтарында, жақын және алыс шет елдерде шет тілдерінің оқытушылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, АҚШ, Германия, Франция елшіліктеріндегі аудармашылар мен әртүрлі деңгейдегі мамандар ретінде, Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық өкілдіктерде табысты жұмыс істейді. Жақсартуға деген ұмтылыс факультет ұжымына жаңа идеяларды алға шығаруға және сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Факультет республикалық (2006, 2007, 2008) және шет тілдеріндегі халықаралық студенттік олимпиадаларды (2016, 2017) өткізу туралы бастама көтерді; университеттің тілдік емес мамандықтарға шет тілдерін оқытудың деңгейлік моделін енгізу (2004 ж.), көптілді білім беру бағдарламасын жүзеге асыру (2008 ж.), қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастыру (2018 ж., 2019 ж.), студенттік газет шығаруға байланысты бастамашылық етті (2019 ж.).

Шет тілдер факультеті бүгінгі таңда өзіне тән корпоративті рухы бар ұжым болып табылады, бұл:
•1000-нан астам студенттер, магистранттар, докторанттар;
•100-ден астам ағылшын, неміс, француз, қытай, араб, корей, итальян тілдерінің оқытушылары;
• бакалавриат, магистратура және докторантураның 9 мамандығы;
• 4 кафедра;
• Қытай тілі мен мәдениеті орталығы;
• Тілдік білім беру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу зертханасы;v • шет тілдеріндегі үлкен кітап қоры бар кітапхана;v • қазіргі заманғы материалдық-техникалық база;
• шет тілдер факультетінің түлектерінің қауымдастығы.